Ақмола облысында бұрынғы жер қатынастары бөлімінің басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды

03 наурыз 2020 Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Сандықтау ауданының прокуратурасы жергілікті атқарушы органдардың бюджеттік қаражаттарын тиімді пайдалануына талдау жүргізді.

Талдау нәтижесінде мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың талаптарын бұзу фактілері анықталды.

2018 жылдың қазанында аудандық жер қатынастары бөлімі мен «ArhiStroyProjekt» ЖШС арасында 645 мың теңге сомасына жерге орналастыру және жер-кадастрлық жұмыстарын жүргізу туралы шарт жасалды. Мердігер шарт бойынша жұмыстарды толық көлемде орындамады, оның ішінде жердің координаттарын Мемлекеттік жер кадастрының ААЖ деректер базасына енгізбеген, елді мекендердің шекараларына аралық белгілерді орнатпаған, сонымен қатар, елді мекеннің шекараларын анықтау бойынша уәкілетті органдармен келіскен жоқ.

Прокурорлық қадағалау актісіне сәйкес, ауданның жер қатынастары бөлімінің басшысы үстіміздегі жылдың қаңтарында «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 207-бабы - «Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұзу» бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оған 119 295 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Осы  бағыттағы жұмыс жалғасуда.

 

Ақмола облысының прокуратурасы