Көкшетау қаласында төтенше жағдай режимін бұзудың кезекті фактілері анықталды

26 наурыз 2020 Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Көкшетау қаласының прокуратурасымен Қазақстан Республикасы Президентінің 15.03.2020 жылғы  «Қазақстан Республикасында төтенше жағдайды енгізу туралы» Жарлығымен бекітілген шаралар мен уақытша шектеулерді жүзеге асыру кезінде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында мобильдік топ құрылды.

Прокурорлардан басқа мобильдік топқа полиция, денсаулық сақтау, санитарлық қызмет және басқа да мүдделі органдардың қызметкерлері кірді.

Рейд барысында ағымдағы жылдың 25 наурызында сағат 21 шамасында, қызметі тоқтатылуы тиіс болған Көкшетау қаласы, Әуезов көшесі, 185 «Б» мекенжайы бойынша орналасқан «Smokings» кальян  қызметінің жұмыс істеуі анықталды.

Ағымдағы жылдың 26 наурызында Көкшетау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысымен мекеме иесі ӘҚБтК-нің 476-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 5 тәулік мерзімге қамауға алу жазасы тағайындалды.

Сонымен қатар, бүгін сот 25 наурызда 90-ға жуық адамның қатысуымен өткізілген «Түркістан» мейрамханасының меншік иесіне қатысты материалды қарады.

Кәсіпкердің жасын (73) және кінәні мойындауын ескере отырып, сот 10 АЕК мөлшерінде айыппұл тағайындады - бұл 26 510 теңге.

Төтенше жағдайды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын (ӘҚБтК - нің 476-бабы – 10 АЕК немесе 15 тәулікке дейін қамауға алу), төтенше жағдай кезінде билік өкілінің заңды талабына бағынбағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын (ҚК-нің 379-бабы – 2 мың АЕК-тен 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру), құқық қорғау органы қызметкерінің заңды талаптарына бағынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын (ӘҚБтК-нің 667-бабы – 40 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 10 тәулікке дейін қамауға алу) естеріңізге саламыз.

Сондай-ақ, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдарының нұсқамаларын (ӘҚБтК-нің 462-бабының 3-бөлігі – 500 АЕК-ке дейін айыппұл), санитарлық қағидалар мен гигиеналық нормаларды (ӘҚБтК-нің 425-бабы – 5 млн теңгеге дейін айыппұл) бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленді. Бұл ретте кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты қызметін тоқтата тұру түріндегі жаза қолданылуы мүмкін.

Егер мұндай әрекеттер абайсызда адамдардың жаппай жұқтыруына немесе адам өліміне әкеп соқса, онда қылмыстық жауапкершілік туындайды (ҚК-нің 304-бабы – 2 мың АЕК айыппұлдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру).

Сондай-ақ шындыққа жанаспайтын мәліметтерді таратпауға және арандатушылыққа берілмеуге шақырамыз.

Көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген (ҚК-нің 274-бабы – 5 мың АЕК айыппұлдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру).

Егер сіз қоғамдық тамақтану объектілері (мейрамханалар, дәмханалар, барлар, асханалар, аспаздар және т.б.) өз қызметін сағат 22:00-ден кейін жалғастыру, сондай-ақ кез келген спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды өткізу кезінде куәгер болсаңыз, 8-707-607-18-18 нөмірі бойынша хабарлауыңызды сұраймыз.

Сонымен қатар, көрсетілген нөмірге дәрілік препараттарды, маскаларды, қолғаптарды сату кезінде бағаны алыпсатарлау фактілері туралы хабарлауыңызға болады.

        

 

Ақмола облысының прокуратурасы